«Баланың мектепке психологиялық дайындығы Психологының кеңестері»
Педагогтарға кеңес
«Баланың мектепке психологиялық дайындығы
Психологының кеңестері»
Педагог-психолог: Набиева А.Д.
Мектепке бару — баланың өміріндегі маңызды әрі жауапты кезең.
Баланың мектептегі оқу үлгерімі, жаңа ортаға бейімделуі және эмоционалдық жағдайы оның психологиялық дайындығына тікелей байланысты. Баланың мектепке психологиялық дайындығы эмоционалдық, мотивациялық, әлеуметтік және ерік-жігерлік дайындықты қамтиды.
1. Эмоционалдық дайындық
Бала өз эмоцияларын басқара алуы, алаңдаушылық пен қорқынышты жеңе білуі қажет. Сонымен қатар ескертулерді сабырмен қабылдап, сәтсіздіктерге төзімді болып, жетістіктеріне қуана білуі маңызды.
Психолог кеңестері:
– Баланы нәтижесі үшін емес, талпынысы үшін жиі мақтаңыз.
– Мектеп туралы жағымды әңгімелер айтыңыз.
– Баланы өз сезімдерін сөзбен жеткізуге үйретіңіз.
2. Мотивациялық дайындық
Балада оқуға деген қызығушылық пен жаңа білім алуға ынта болуы керек. Маңыздысы — баланың ішкі мотивациясын қалыптастыру.
Психолог кеңестері:
– Баланың сұрақтарына жауап беріп, қызығушылығын қолдаңыз.
– «Мектеп» ойынын ойнап, оқушы рөлін сезінуіне мүмкіндік беріңіз.
– Білімнің өмірде қажет екенін қарапайым мысалдармен түсіндіріңіз.
3. Әлеуметтік дайындық
Бала құрдастарымен және ересектермен қарым-қатынас жасай алуы,
ережелерді сақтауы, топпен жұмыс істей білуі және мұғалімді тыңдауы қажет.
Психолог кеңестері:
– Амандасу, көмек сұрау, келісімге келу дағдыларын үйретіңіз.
– Топтық ойындарды жиі ұйымдастырыңыз.
– Қарым-қатынас барысында кездесетін жағдайларды бірге талқылаңыз.
4. Ерік-жігерлік дайындық
Бала нұсқаулық бойынша тапсырма орындап, бастаған ісін соңына дейін жеткізе білуі, өз мінез-құлқын бақылауы тиіс.
Психолог кеңестері:
– Күн тәртібін сақтауға үйретіңіз.
– Ұқыптылық пен шыдамдылықты талап ететін тапсырмалар беріңіз.
– Уақытты жоспарлауды және ережелерді сақтауды үйретіңіз.
Қорытынды
Баланың мектепке психологиялық дайындығы — ата-аналар мен педагогтардың бірлескен еңбегін талап ететін маңызды процесс.
Қолайлы эмоционалдық орта мен баланың өзіне деген сенімі
оның мектеп өміріне сәтті бейімделуіне көмектеседі.
